Биылғы оқу жылында еліміздегі оқушылардың 75 пайызы жаңартылған мазмұн бойынша білім алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы оқу жылында еліміздегі оқушылардың 75 пайызы жаңартылған мазмұн бойынша білім алады

07.08.2018

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкімет отырысында мәлімдеді. Министр өткен жылы 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптар жаңа оқу бағдарламасына көшкенін еске салды. Ал, биылдан бастап осы жүйеге 3-ші, 6-шы және 8-ші сыныптар да ауысады. Ерлан Сағадиев жаңа бағдарламаға қажет оқулықтар сараптамадан өтіп, «басылып дайын тұр», деп сендірді. «Мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі де көңіл көншітерлік, 93 пайыз», - дейді министр. Оған «Балапан» бағдарламасы, оның ішінде жан басына қарай қаржыландыру үрдісінің үлкен септігін тигізген көрінеді. Сондай-ақ, электрондық үкімет пен «е-әкімдік»-тің арқасында 25 қала мен 6 ауданда балабақшаларға электронды түрде жолдама беру жүйесі іске қосылған. Білім және ғылым министрі «жаңа оқу жылына мұғалімдер сақадай сай», деп отыр.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Екі жылда шамамен 1502 мың мұғалім арнайы курстан өтті. Қазіргі уақытта 73 мың педагог оқып жатыр. Жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 205 мың мұғалім. Мұғалімдердің 65 пайызының жалақысы 35 пайызға көбейді. Сонымен қатар, педагогтарды аттестациялаудың жаңа жүйесі енгізілді. Аттестациялауға 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, олардың ішінен 36 мыңнан астамы өтті. Ол 63 пайызды құрайды.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу