Судья статистика көрсеткіштеріне байланбауы тиіс. Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Судья статистиканың көрсеткіштеріне байланып қалмауы тиіс. Судьяның нақты тәуелсіздігі заң талаптарын қатаң сақтануында, қабылдаған шешімінің дұрыстығы мен әділдігіне нық сенімді болуында жатыр. Сот төрелегі заңды әрі әділ болуы шарт. Заң мен сот алдында барлығының теңдігі қағидасы сақталуы тиіс. Байқап отырсаңыздар, өз сөзімде "судья" сөзін бірнеше мәрте атап өттім, яғни ол заңдылық үдерістің басты тұлғасы", - деп атап өтті Президент.
Айта кетейік, съезге судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, БАҚ пен ҮЕҰ өкілдері шақырылды. Барлығы 600-ден астам делегат пен форум қонақтары қатысуда.
inform.kz