Қазақстан мен Қырғызстан тіркеусіз екі елде болу мерзімін 30 күнге дейін ұзартады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қырғызстан тіркеусіз екі елде болу мерзімін 30 күнге дейін ұзартады

17.10.2016
Қазақстан мен Қырғызстан тіркеусіз екі елде болу мерзімін 30 күнге дейін ұзартады

Бүгін Астанада Қазақстан мен Қырғызстанның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Ерлан Ыдырысов пен Эрлан Абдылдаев бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.

Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы азаматтарының екі ел аумағында болу тәртібі туралы Келісімге өзгеріс енгізу туралы Хаттамаға, Реадмиссия туралы келісімге және 2017-2018 жылдардағы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.

«Біз азаматтарымыздың екі елде тіркеусіз болуын реттейтін құжатқа қол қойдық. Бұл - Қазақстан және Қырғызстан азаматтарының екі ел аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы Хаттама. Осыған сәйкес екі ел азаматтары 30 күнге дейін тіркеусіз екі елдің аумағында бола алады. Әрине, құжат  мемлекет ішіндегі бекіту рәсімдерін талап етеді. Екі елдің азаматтары күтіп жүрген бұл құжат бекіту кезінде Парламентте кідіріп қалмайды деген сенімдеміз», - деп хабарлады  Э.Абдылдаев.

Сондай-ақ, министрлер шекарадағы өткізу пункттерін дамыту мәселелерін талқылады. «Бұл жұмыс басталып кетті және сәйкесінше нәтижесін беріп жатыр», - деді Қырғызстан СІМ басшысы.

primeminister.kz

Хабарламаларға жазылу