Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің соңында өмір тұр - Зағипа Балиева - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің соңында өмір тұр - Зағипа Балиева

26.08.2016
Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің соңында өмір тұр - Зағипа Балиева

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінің артында өмір тұр. Әлемдегі қарама-қайшылықты еңсеруге арналған, парықсыз соғысты айыптаған, жаңа бейбіт әлем құруға шақырған Қазақстан басшысының адамзатқа үндеуі жатыр.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында мәлімдеді.

Бүгінгі Елбасының тұлғалық биігін бағалау үшін де көпшілікке шыдам, шындықты мойындау мен рухани толысу қажет. Бұл тұжырымға дәлелді Қазақстан басшысының соңғы 25 жылда халықаралық қоғамдастыққа қаратып жолдаған ұсыныстарынан айқын көреміз.

Бүгінге дейін Қазақстан Президенті туралы халықаралық деңгейде де, елімізде де аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Жоғарыда келтірген өз пайымымызды нақты мысалдармен дәлелдеу үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік маңызы бар ұсыныс-бастамаларының басты мазмұнына тоқталуды жөн көрдік. Әрине, бірнешеуіне ғана.

Бүкілхалықтық қолдауға ие болып, демократиялық жолмен Қазақстан Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың 5 қазанында Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен халықаралық қоғамдастыққа үндеу тастағаны белгілі. Бүгін сол үндеудегі ұсыныстардың қаншалықты маңызды екенін, бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған тұжырымдар мен көзқарастардың жиынтығы екенін білеміз. Өзінің сенімі мен өмірлік қағидасынан ешқашан да ауытқымайтын Нұрсұлтан Әбішұлының 1992 жылғы алғашқы сөзі мен 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен айтқан сөздерінің арасында 23 жыл уақыт өтті. Осы кезеңде әлемде түбегейлі өзгерістер орын алды, үлкен саяси-экономикалық дағдарыстар болды, аймақтық қақтығыстар мен соғыстар жиі-жиі тұтанып тұрды.

1992 жылы БҰҰ-да алғаш сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті қарусыздануды, аймақтық қақтығыстарды ауыздықтау қажеттігін айтты. «Бір ғана мемлекеттік шекара кескінінің өзгеруі тізбекті реакция туғызып, тұтастай геосаяси жүйенің ыдырауына соқтырады», деді Елбасы. Содан бері бұл мәселе бір емес, бірнеше мемлекеттің басына қасірет әкелді. Шекара бөлісі бүгінге дейін мемлекеттер арасындағы әскери қақтығыстардың басты себебі болып тұр. 1990-жылдардағы Югославиядағы соғыс шекара бөлісінен басталып, сан мыңдаған жазықсыз бейбіт адамның өліміне себепші болды. Мұндай жағдайда, әсіресе, әлеуметтік-психологиялық жағынан қорғалмаған аналар мен сәбилердің әлеуметтік депривацияның құрбанына айналатыны белгілі.

Міне, Нұрсұлтан Әбішұлының 1992 жылы БҰҰ-дағы ескертуі, өкінішке қарай, дәл келді. Мұны көрегендік дейсіз бе, дәл болжам ба немесе тәжірибелі саясаткердің интуициясы ма? Осының үшеуі де біздің Елбасының тұлғалық сипатын айқындайтын қасиеттер деп ойлаймын.

Өзінің сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті БҰҰ-ның беделді мінберінен бірнеше тарихи ұсыныстар тастады. Біріншіден, «1+1» формуласы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ жанынан бітімгерлік жігерді қолдау қорын құруды ұсынды. Әрбір мүше мемлекет жылына өзінің әскери-қорғаныс бюджетінің 1 пайызын осы қорға аудару арқылы БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясын күшейтуі тиіс. Жыл сайын осындай жарна 1 пайызға көбейетін болса, мемлекеттің қорғаныс бюджеті сонша пайызға азаюы тиіс еді. Сонда 10 жылда әрбір мемлекет өзінің әскери қорғанысына бөлінетін қаржысын 10 пайызға қысқартса, бітімгерлік жігерді қолдау қорының қаржысы сонша пайызға өсіп, оның мүмкіндіктері де күшейері сөзсіз. Н.Назарбаевтың бұл ұсынысын мемлекетаралық бейбіт қатынас теориясының басты қағидасы деп бағалауға әбден болады.

Екіншіден, Азия субконтинентінде және Еуразия кеңістігінде ЕҚЫҰ сияқты ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы ұсыныс жасады. Н.Назарбаевтың табандылығының арқасында 2002 жылы Алматыда тұңғыш рет 22 мемлекеттің басшысы бас қосып, келелі кеңес өткізді. Қазірде беделді халықаралық ұйымға айналды. Үшіншіден, ТМД аумағында болып жатқан үдерістерді саралаған Н.Назарбаев Еуразия аумағында өмір сүріп отырған посткеңестік елдердің еркін нарықтық жағдайда дамуына ықпал ету үшін және саяси тұрақтылықты нығайту үшін Алматыда БҰҰ-ның аймақтық орталығын ашуға шақырды. Бірнеше жыл бұрын ұйымның аймақтық орталығы ашылып, жемісті жұмыс істей бастады.

Қазақстан 1993 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шартты ратификациялады. Ядролық қауіпсіздік мәселесінде Қазақстан мен оның басшысы жүйелі түрде бейбіт атом идеясының ең белсенді насихаттаушысы болып келеді. 2015 жылы БҰҰ Н.Назарбаев ұсынған Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. Сондықтан да, атом қаруынан өз еркімен бас тартқан елдің басшысы ретінде Н.Назарбаевты халықаралық қоғамдастық әлемді ядролық қарудан босату мәселесінде ең беделді Мемлекет басшысы деп таниды.

Міне, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт өмірге, әділетті қарым-қатынастарға үндеген позициясы әлем сұранысына сүйеніп, қуаттанып келеді. Қазақстан басшысының әрбір бастамасы – бейбіт өмірді, достық пен өзара сенімді нығайтуға, қарапайым адамдардың тұрмысын жақсартуға бағытталған. 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигонын жабу мен елдегі бүкіл атом арсеналынан бас тартудан басталып, манифест арқылы жалғасқан Елбасы бастамаларынан жасампаз өмір жолында аянбайтын күрескердің сенімін көреміз. Халықаралық деңгейде үлкен резонанс тудырған манифестің басты мазмұнында әлем халықтарының тағдырына жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарайық, жас ұрпақтың болашағын ойлайық, олардың өмірін жақсартайық деген ізгілік формуласы жатыр. Енді, міне, бүгін-ертең Астанада полигон жабылған күнге орайластырылып, ядролық қауіпсіздік проблемасына арналған ауқымды халықаралық жиын өткелі отыр. Оған 50-ден астам елден өкілдер келеді деп күтілуде.

Көп балалы ана ретінде айтарым, манифестің іргетасы адамзат өркениетіне төнген қауіпті сейілту мен гуманитарлық апаттан сақтандыруға деген ізгі ниетпен қаланған. «Айналайын, халқым! Сенің жолыңда басымды бәйгеге тіккен адаммын», деп тебіренген тұлғаның басқа ұлттардың да жан-дүниесін жақсы түсінетіні анық. Өз халқының жағдайын барынша жақсарту үшін өмір сүретін саясаткердің халықаралық беделі де өз азаматтарының сый-құрметімен өлшенері де даусыз.

Қорыта айтқанда, манифест арқылы Қазақстан басқаларға үлгі боларлық, өзінің жауапкершілігін сезінетін мемлекет екенін дәлелдеп отыр. Жас ұрпақтың болашағын ойлаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылары мен саясаткерлерді өскелең ұрпақтың тағдырын ойлап, соғыс қатерінен арылуға, күшке емес, ақыл-парасатқа жүгінуге шақырады. Кемеңгерлік шыңына көтерілген Нұрсұлтан Әбішұлының адамзат болашағын қауіптен құтқаруға шақырған манифесі – әлемдік деңгейдегі биік тұлғаның бейбіт өмірге үндеген жасампаздық парадигмасының нәтижесі екені күмән тудырмайды.

Зағипа БАЛИЕВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі

 

Дереккөз: egemen.kz

Хабарламаларға жазылу