Таңертеңнен бері қалалық парктерде балалардың сыңғырлаған күлкісі естіліп жатыр. Қала бойынша Балаларды қорғау күніне орайластырылған түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мерекеге орай бүгін автобустарда 15 жасқа дейінгі балаларға жол жүру тегін. Мерекені атап өту үшін Студенттік және Астаналық парктерге жүздеген бала келді. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлайды.
Студенттік паркте мереке таңғы жаттығудан басталды. Содан кейін кішкентай көрермендердің назарына мерекелік концерт ұсынылды. Түрлі көлемдегі батуттар, тәтті-дәмділер, аттракциондар балаларға жақсы көңіл күй сыйлады.
Мерекеге орай безендірілген бесік арбалар шеруі өткізілді. Парктен жедел жәрдем көлігі сияқты немесе ұлттық нақышта безендірілген арбаларды кездестіруге болады. Енді біреулері ертегідегі перінің қанатындай арбаға қанат бітірген. Алты айдан бір жасқа дейінгі балалар еңбектеп жарысты, одан үлкендеу балалардың арасында велосипедшілер чемпионаты ұйымдастырылды.
– Барлық кішкентай астаналықтарды, олардың ата-аналарын мерекемен құттықтаймын! Балаларға оқуда озат болуды, бақыт пен қуанышқа толы балалық шақ тілеймін! Ал біз, ересектер олардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуге тырысамыз. Меніңше, бүгінгі шара отбасылық қарым-қатынасқа өз пайдасын әкелуі керек, – деді «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары Қасымхан Сенғазыев.
Студенттік паркте балалар мерекесі қуыршақ театрының спектаклімен аяқталды.
Кішкентай елордалықтарға арналған мерекелік шара Астаналық паркте де ұйымдастырылды. Балалар мен ата-аналарды ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова құттықтады. Паркте өнер көрмесі мен сурет байқауы өткізіліп, балаларға арналған шеберханалар, зияткерлік және спорттық ойындар ұйымдастырылды.