«Шалқар» ұлттық радиосы өзінің 50, Қазақ радиосының 95 және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай балалар арасында «Шалқар әнім» атты республикалық ән байқауын жариялаған болатын.
1 айдан астам уақыт ішінде Көркемдік кеңестің қарауына 5-12 жас аралығындағы балалардан 50-ге жуық жұмыс келіп түсті. Олардың арасынан қорытынды кезеңге 15 қатысушы іріктеліп алынды.
Таңдаулы үміткерлердің қатысуымен ертең, 1 маусым - Балаларды қорғау күнінде арнайы мерекелік шаралар ұйымдастырылмақ.
Астана паркінде сағат 13:00-де концерт, сағат 14:00-де Оқушылар сарайында марапаттау рәсімі жане эстрада жұлдыздарының қатысуымен қайырымдылық кеші өтеді. Сонымен қатар, бүлдіршіндерге арнайы әзірленген тәтті торт үлестіріледі.
Мерейтойлық шарада өнер көрсететін әншілер арасында Алтынай Жорабева, Айгүл Иманбаева, Гүлнұр Оразымбетова, «Бәйтерек» тобы, Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген, Айсәуле Бейсенхан бар.
Кешті «Шалқар» радиосының журналистері Мұхтар Тұртайұлы және Бағдагүл Рахметқызы жүргізеді.