ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес мүшелерін «Астана» халықаралық қаржы орталығын шетелде насихаттауға шақырды.
«Сіздерді, Шетел инвесторлары кеңесі мүшелерін, АХҚО жұмысын құруға және оны шетелде ілгерілетуге, шетелдік қаржы институттарымен өзара тиімді қарым-қатынасты жолға қоюға белсенді қатысуға шақырамын. Сіздер Қазақстанның досы - әлемдік ірі компаниялардың басшысы ретінде біздің еліміз жайында, еуразиялық құрлық территориясындағы осынау жаңа бастаманың мүмкіншілігі жайында айта аласыздар», - деп атап өтті Елбасы.
Мемлекет басшысы АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңеске әлемдегі ірі компаниялар мен қаржы ұйымдарының ықпалды басшыларын шақырғанын атап өтті.
«Қазақстан АХҚО тұғырнамасындағы серіктестік жайындағы сіздердің барлық ұсыныстарыңызды қарап, қолдау көрсетуге дайын. Біздің серіктестігіміз Қазақстанның және бүкіл біздің өңірдің тұрақты, әлеуметтік-экономикалық даму үшін жайлы жағдай жасайтындығына сенімдімін», - деді Н.Назарбаев.