Президент: Инвесторлардың сенімін сақтап қалу маңызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Инвесторлардың сенімін сақтап қалу маңызды

27.06.2022

Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және кірістерін алуға мүмкіндік болуы тиіс. Нәтижесінде халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысында Президент осылай деді. Жиында елге инвестиция тарту тетіктері мен «жасыл» жобаларды жүзеге асыру жұмыстары пысықталды.

Халықаралық жағдай құбылып тұрған сәтте инвестициялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін сенімді қаржы көздерін іздеу маңызды. Жиында Президент осылай деді. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығының рөлі ерекше. Тіпті Орталық Азия аймағы үшін жүктелген жүгі ауыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қазақстан нарықтық, еркін әрі бәсекелі экономиканы қарқынды ілгерілетуге бағытталған дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Мұндай жағдайда шетелдік инвесторлар мен сауда серіктестерінің сенімін сақтап қалу және нығайту біздің басты басымдығымыз болып қала береді. Осыған байланысты «Астана» қаржы орталығының әлеуеті инвестициялардың сенімділігі мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде барынша пайдаланылуға тиіс».

Геосаяси ахуал тұрақсыз. Сондықтан, қаржы орталығына шетелдік компаниялардың тіркелуі оңай болуы тиіс. Серіктестермен келіссөздер жүргізу қажет. Мұның барлығы кедергілерді еңсеруге ықпал етеді. Үйлестіру жұмыстары Үкіметке жүктелді. Президент «Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жұмыстары маңызды міндет» деді. «Самұрық-Қазына» мен оның ұлттық компанияларының рөлін мысалға келтірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Еліміздің қарапайым азаматтары Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек».

Президент ұзақ мерзімді шетелдік инвесторларды теңге түріндегі тәуелсіз облигацияларға тартудың өзектілігін де атап өтті. Құбылмалы жағдайда инвестициялар мен ресурстар үшін бәсекелестік күшейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Елімізге жаңа әрі сенімді инвестиция көздері қажет. Ол үшін халықаралық депозитарийлермен өзара тығыз ықпалдастық орнату керек. Мұндай жағдайда реттеушілік режим мен халықаралық құқыққа негізделген АХҚО алаңы тартымды болады. Үкіметке Ұлттық банкпен және АХҚО-мен бірлесе отырып, ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлары бар әлемдік инфрақұрылымға қосылу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл экономикамыздың орнықты өсімі үшін маңызды қадам болмақ».

Жиында «жасыл» жобаларды жүзеге асыру мәселесі де айтылды. Былтыр орнықты қаржыландыру нарығының көлемі 500 есе ұлғайып, 250 млн доллардан асты. Оның ішінде жасыл облигациялар мен несиелердің 58 пайызын Жасыл қаржы орталығы нақтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бұл экономиканы көміртегінен арылту және көміртегін аз пайдалану технологияларын дамыту жөніндегі жаһандық міндеттерді еліміздің сәтті шешуге қабілетті екенін дәлелдеуіне ықпал етеді. Үкіметті, «Астана» халықаралық қаржы орталығын және Кеңес мүшелерін осы бағыттағы жұмыстың қарқынын бәсеңдетпей, жалғастыра беруге шақырамын».

Қасым-Жомарт Тоқаев энергия тасымалдаушы жаһандық нарықтардың және әлемдік азық-түлік орталықтарының трансформациялануы кезінде Қазақстанның рөлін күшейту маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тауар биржасына қатысты мәселені оңтайлы шешу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қазақстан үшін сенімді әрі бәсекеге қабілетті инфрақұрылымы бар биржа нарығы жөнінде мәлімдеу өте маңызды. Бұл аймақтық және жаһандық саудада көшбасшылыққа ие болу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Үкімет осы мәселені жан-жақты пысықтауы керек».

Нарық талабы қатал. Заман көшінен қалуға да болмайды. Мемлекет басшысы криптоиндустрия және цифрлық активтерді дамыту мәселелеріне де тоқталды. Жиын соңында «Астана» халықаралық қаржы орталығының өткен жылы атқарған жұмысының жылдық есебін бекітті.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу