54 келіде сынға түскен қазақстандық боксшы Дина Жоламан финалдық жекпе-жекте Болгария елінің өкілі Стойка Петровамен жұдырықтасып, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, бокстан қыздар арасындағы Әлем чемпионы атанды.
Бұған дейін 48 келі салмақта отандасымыз Назым Қызайбай қытайлық боксшы қыз Янь Вангті ұтып, бокстан екі дүркін Әлем чемпионы атанған болатын.
Ал, Айжан Қожабекова (57 келі) мен Жайна Шекербекова (51 келі) Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ, Жайна Шекербекова Рио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды.
Сәлден соң, Әлем чемпионатының алтын жүлдесі үшін Валентина Хальзова (69 келі) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) шаршы алаңға шығады.
Айта кетейік, бұл Әлем чемпионатында Рио Олимпиадасына 12 жолдама сарапқа салынуда. Яғни, Олимпиада салмағына енген 51, 60 және 75 келіде жартылай финалға шыққан боксшыларға Олимпиадаға жолдама берілді.
Финалдық бәсекелерді «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетуде.