Астанада 90 жылдан бері түркі әлемінде болмаған жиын басталды (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 90 жылдан бері түркі әлемінде болмаған жиын басталды (ФОТО)

23.05.2016
Астанада 90 жылдан бері түркі әлемінде болмаған жиын басталды (ФОТО)

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Астанада «Ұлы дала» гуманитарлық ғылымдар форумы басталды. Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, 1926 жылы Бакуде өткен бірінші түркологиялық конгрестен бері түркі әлемінде осындай жиын өткен жоқ.

«Бүгін Түркі академиясының ұйымдастырған  форумда  түркология мәселелерін, түркі тарихы мен әдебиетін, жалпы, ХХІ ғасырдағы гуманитарлық ғылымдардың дамуы жөнінде әңгіме қозғаймыз.  Бүгін біздің жиынымызға жиырмадан астам елден 200-ден астам ғалымы келіп отыр. Оның ішінде халықаралықт ұйымдардың басшылары, халықаралық академиялардың басшылары, сонымен қатар, халықаралық сарапшылар бар. Жалпы, төрт панельден тұратын бүгінгі форумды біз Қожа Ахмет Яссауидың 800 жылдығына, Жүсіп Баласұғынның мың жылдығына  және Баку конгресінің 90 жылдығына, сонымен қатар, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнап отырмыз», - деді Д.Қыдырәлі форумға келген журналистермен әңгімелесе отырып.

Жалпы, гуманитарлық ғылымдардың бұл форумына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Президенті кеңсесініің басшысы, форум өтіп жатқан Назарбаев орталығының директоры Махмұд Қасымбеков, Ислам Ынтымақтастығы ұйымының жанындағы IRCICA ұйымының бас директоры Халит Ерен, ЮНЕСКО істері жөніндегі Түркия ұлттық комиссиясының төрағасы М.Өжал Оғыз, Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих жөніндегі Жоғары құрылым басшысы Дәрия Өрс қатысып жатыр. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға жолдаған лебіз хатын жеткізді.

Форум нақты қай мәселелерді талқылайды дегенге келсек, Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, күн тәртібінде түркі тілі мен әдебиеті саласындағы мәселелер қаралады.

«Түркология ғылымының мамандары осыдан 90 жыл бұрын Бакуде бас қосып, түркітану ғылымдарының заңдылықтары бойынша, түркі әдебиеті, түркі тілі, түркі тарихы бойынша өте маңызды шешімдер қабылдаған болатын. Содан бері түркі әлемінде осындай жиын өткен жоқ. Бүгін біз 90 жыл бұрынғы түркі әлемінің ұлы ғалымдарының бас қосуында қабылданған шешімдердің жалғасы туралы, яғни, дәстүр сабақтастығы туралы әңгімелесеміз», - деді Д.Қыдырәлі.

Хабарламаларға жазылу