А. Перуашев: Жер банктердің жекеменшігіне өтіп кетпейтіндігіне кім кепіл? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

А. Перуашев: Жер банктердің жекеменшігіне өтіп кетпейтіндігіне кім кепіл?

21.05.2016
А. Перуашев: Жер банктердің жекеменшігіне өтіп кетпейтіндігіне кім кепіл?

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі А. Перуашев жекеменшікке жер сату барысында ол жерлердің кепілдік ретінде банктерге өткізілетіндігіне алаңдаушылық білдірді.

«Кез келген кәсіпкер жекеменшікті қолдайды. Ол нарықтық экономиканың заңдылығы десе де болады. Сол себептен біз стратегиялық бағыт ретінде отандастарымызға жерді сатып алуға мүмкіншілік беруіміз керек. Әрине ол тек қазақстандықтарға. Ал басты мәселе, меніңше, жекеменшікте емес. Басты мәселе - тәртіпте. Комиссия қабылдаған шешім ел үшін табысты болуы керек. Тәртіп ашық, адал, нақты болуы керек деп санаймын», - деді А. Перуашев Жер реформасы бойынша комиссияның отырысында.

Оның айтуынша, жерді сатылымға шығаруға асықпау керек, себебі бұнда шешілмеген мәселелер өте көп.

«Егер жерді инвестиция көзі ретінде қарайтын болсақ, онда мәселенің екінші жағы бар. Келістік делік - жер жекеменшік болады, адамдар оны кепілдікке қоя бастайды. Ертең олар пайданы бір рет алады, екіншісінде шығынға батып қалуы ғажап емес қой, ауыл шаруашылығы аумалы-төкпелі шаруа ғой. Қауіп-қатері өте көп бизнес. Ертең сосын ол жерлердің иесі банктер болып қалмақ. Шаруалар тағы да өз жерін жалға алушы болып қалады. Бірақ банк жерді мемлекет сияқты төмен ставкамен жалға бермейді. Ертең банктер ауыл шаруашылығын өзінің меншіктеріне айналдырып алады да, шаруалар өз жерін жалға алушы ретінде тағы құр қалады. Сондықтан ауыл шаруашылығын қаржыландырудың жүйелі болуын қамтамасыз ету қажет. Биылдан бастап, гектар бойынша субсидия беру тоқтатылды. Дегенмен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен гектар бойынша субсидия бөлу керек деп көрсетілген. Осы жөнінде біз депутаттық сауал жолдадық. Ауыл шаруашылығын қаржыландыруды жөнге келтірмей, жерді жекеменшікке беру кезде біраз қатерлерге тап болуымыз ықтимал», - деді ол.

Хабарламаларға жазылу