Өткен сенбіде Ұлыбритания астанасының мэрі болып тарихта алғаш рет Садық Хан есімді мұсылман сайланды. 45 жастағы Садық Хан қызметіне кірісер алдында қасиетті Құранға қолын қойып, ант берді. «Мен мұсылман ретінде ішімдік ішпеймін, Рамазан айында ораза ұстаймын, халал тағаммен ауқаттанамын», деді ант беру шарасында С.Хан.
Ол оппозициялық лейбористік партия атынан сайлауға түскен еді. Садық Хан пәкістандық эммигранттар отбасынан шыққан. Ал, оның саяси додадағы қарсыласы – миллиардердің ұлы Зак Голдсмит. Ол билік басындағы консерваторлар партиясының атынан сайланған депутат. Алайда, С.Хан 56,8 пайыз дауыс жинады.
Дені христиан тұрғындарының таңдауына неге ділі де, діні де жат Садық Ханға түсті? Біріншіден, билік басында әлемге әйгілі Кембридж, Оксфорд секілді қабырғалы жоғарғы оқу орындарын бітірген байлардың қарасы онсыз да көп. Екіншіден, оның жүріп өткен жолы барынша тартымды: заңгер, адам құқығын қорғаушы. Сонымен қатар, халыққа берген уәдесі де электораттың көңілінен шықты: қылмысты барынша азайту, арзан баспана, қоғамдық көліктегі бағаны ауыздықтау, т.б.