Қызылордалық полицей Нұртаев Нұрлыбек ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық полицей Нұртаев Нұрлыбек ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды (ФОТО)

06.05.2016
Қызылордалық полицей Нұртаев Нұрлыбек ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды  (ФОТО)

Бүгін 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр - Жеңіс мерекесі қарсаңында, ардагерлерді еске алып, ерліктерін ұлықтау, Ішкі істер органдарында абыройлы қызмет еткен ардагерлерге, оның ішінде соғыс ардагерлеріне зор құрметін таныту мақсатында «Мәңгілік тағзым» атты салтанатты жиын өтті.

Шараға Ішкі істер органдарының Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, соғыс ардагерлерінің туыстары, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, департамент басшылығы және жеке құрам қатыстырылды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты шарада ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың құттықтауы оқылды. Департамент басшысы Ж.Сүлейменов соғыс ардагерлерін, жалпы ішкі істер органдары ардагерлерін Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, бұл соғыста ерлікпен қаза тапқан батыр аталарымыздың тарих төрінен орын алатыны және ұрпақтары жеңіс алауын сөндірмей, Отан үшін от кешкендерді жүрек түкпірінде сақтайтыны ерекше атап өтілді.

Жиын барысында адам өмірін қорғау кезінде асқан қырағылық пен жанқиярлық танытып, Отан алдындағы антына берік болып, қызметтік міндетін адал орындағаны үшін Қызылорда қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция батальонінің полицейі, аға сержант Нұртаев Нұрлыбек Амангелдіұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, шара барысында Ішкі істер министрінің марапаттау жайлы бұйрығы оқылып, министр бұйрығымен 12 қызметкер марапатталды. Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Ж.Сүлейменовтің бұйрығымен департаменттің 10 ардагері, сондай-ақ, өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің  100-ге жуық қызметкері марапатталды.

Одан әрі мерекелік іс-шара жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсіміне ұласты. Әскери өмірге аяқ басқан жас буынды айтулы күндерімен ішкі істер органы ардагерлерінің атынан Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Пейсов те құттықтап, азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді.

Іс-шара ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен қорытындыланып, шара соңында келген қонақтар естелік суретке түсті.

Сонымен қатар, ардагерлердің құрметіне мерекелік дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама қойылды.

Хабарламаларға жазылу