Бұл жобаның пайдасы - елордадағы көлік жүргізушілер жол ережесін бұзса, жаңа POS-терминалдар арқылы айыппұлды сол орнында төлеп кете алады. Ал, заң бойынша, өздеріңіз білетіндей, дәл орнында төленген айыппұлдарға автоматты түрде 50 пайыздық жеңілдік бар.
Бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаменті арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, тіпті, журналистердің көзінше жол ережесін бұзған бір жүргізушіден POS-терминар арқылы айыппұл өндіріп алды.
«2016 жылдың 26 сәуірінде елорданың Ішкі істер департаменті «ForteBank» АҚ-мен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес, жол қозғалысы ережесін бұзған азаматтардан айыппұлды сол орнында қабылдай алатын терминалдар шығарылды. Әзірге, Астана қаласы бойынша осындай 30 терминал бар. Ол терминалдар жол-патурльдік полиция қызметкерлеріне таратылды. Бұл ілкі жоба және ілкі жобаның қорытындысын мамырдың 25-і күні жариялаймыз. Жобаның пайдасын таразыға сала келе, болашақта терминалдардың санын көбейтерміз»,-деді қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Нұржан Әділов.
Ал, «ForteBank» өкілі Шолпан Нұрымбетованың (басқарма төрағасының орынбасары - агенттік) айтуынша, POS-терминалдар айыппұлдарды төлейтін ең жылдам тәсілдің бірі. «Өздеріңіз білесіздер, заң бойынша айыппұл сол орнында төленсе, оған 50 пайыздық жеңілдік бар. Оның үстіне, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен банктерде кезек күтпейсіз», - дейді Ш.Нұрымбетова.
Бір айта кетерлігі, POS-терминал «ForteBank-тің төлем карточкаларын ғана емес, бүкіл банк карталарын қабылдайды және қызмет үшін аз комиссия алады. Тек есте сақтаңыз, POS-терминалы бар жол патрулі сізден міндетті түрде карточкамен қатар, жеке куәлігіңізді талап етуі керек және сізге міндетті түрде екінші чек беруі керек. Және сіз ереже бұзып, қолыңыздан карточка болмаса, жаныңыздағы туған-туысыңыздың, тіпті жұбайыңыз бен ата-анаңыздың карточкасын пайдалану мүлде мүмкін емес.
Ілкі жоба әзірге Астана қаласын ғана қамтып отыр.