Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры осы жылдың 27 мамыр мен 2 маусым аралығында Ресей Федерациясының Орынбор қаласында өтетін VIII Халықаралық «Гостиный двор» театр фестиваліне еліміздің атынан қатысып, фестиваль қонақтары мен қала тұрғындарына өнер көрсетпек.
«Гостиный двор» халықаралық театр фестивалі алғаш рет 1994 жылы Орынбор қаласында ұйымдастырылған. Бүгінде аталмыш өнер мерекесі РФ-ның Мәдениет министрлігінің, РФ-ның театр одағы өкілдерінің бастамасымен жүзеге асып келеді. Фестивальге Қазақстаннан бөлек Әзірбайжан театры, Қырым-татар Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры (Симферополь, Қырым Республикасы), Башқұртстан Республикасының Мемлекеттік академиялық орыс драма театры (Уфа), Мәскеудің жасөспірімдер театры, Ресейдің жастар театры (Мәскеу) қатысады.
Фестивальге Қаллеки театры орыс драматургі Валентин Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасымен қатысады. Қойылымның режиссері, Қазақстанның Халық артісі, профессор – Талғат Теменов. Аталмыш қойылым бас кейіпкер Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасындағы кездейсоқтықтан туындаған махаббат тақырыбын көтереді. Осы аралықта адамзатқа ортақ қасиет – махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, өшпенділік пен сүйіспеншілік, сағыныш пен мейірімділіктің ұшқынын спектакль барысынан байқауға болады.
Қойылымдағы басты кейіпкер Пернебек Боранбаевты отандық кино өнерінде бірнеше басты рөлдерді сомдап жүрген жас актер – Әбілмансұр Серіков сахналаса, неміс қызы Инганың рөлінде театрдың жас актрисасы – Ақмарал Танабаева. Сондай-ақ, спектакль барысында театрдың жас артистерімен қоса Қазақстанның Халық артісі – Тілектес Мейрамов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері – Ақыш Омаров, Нүркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, ҚР «Дарын» Жастар сыйлығының иегері Сырым Қашқабаев өнер көрсетеді.