Фестивальдың мақсаты – ана тіліндегі еркін шығармашылыққа жағдай жасау, жастарды төл мәдениетке, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыпқа деген сүйіспеншілікке баулу, оған құрмет көрсету, мәдени жетістіктерді сақтап, көбейту.
Қатысушылар өз ұлттарының мәдениеті, салт-дәстүрімен таныстырып қана қоймай, вокалдық және би номерлерін ұсынып, өлеңдер оқыды. Сондай-ақ, ұлттық тағамдар әзірлеп, дайындау тәсілдерімен таныстырды.
Екі күнге созылған фестиваль аясында 9 ұлт өкілдерінен құралған топ өз өнерлерін ортаға салды. 6 жанр бойынша көркемдік нөмірлер көрсетілді. Атап айтқанда, хор және вокалды топтар, жеке орындау, хореография, дәстүрлі музыкалық-хореографиялық композиция және қолөнер туындыларының көрмесі.
«Қазақстан Тәуелсздігінің 25 жылдығын тойлай отырып, Елбасының сара саясатының арқасында дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан игілікті істерін насихаттау - басты міндетіміз. Егемен еліміздің барлық табыстары мен жетістіктері – ұлты мен діни сеніміне қарамастан «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырған отандастарымыздың мызғымас достығының нәтижесі. Барлық алға қойған мақсаттарға ел азаматтарының бірлігінің арқасында ғана қол жеткіза аламыз», – дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.
Фестиваль соңында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққандар» Алғыс хаттармен марапатталды.
Олар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Тараз қаласында өтетін мәдени шарада өнер көрсетеді, деп күтілуде.