Сербия астанасында өткен «Belgrade Winner» турнирінде қазақстандық боксшылар 5 алтын медаль иеленді.
49 келідегі Біржан Жақып финалда шотландиялық Акил Ахмедті жеңсе, 60 келіде алғаш рет сынға түскен Сұлтан Зауырбек АРВ турниріне қатысушы бразилиялық Робсон Консейсаоны ұтты.
Ал, Ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов (69 кг) германиялық боксшы Аббас Барауге финалда еш мүмкіндік қалдырмады. 81 келідегі Нұрбол Алтаев та бразилиялық Мичел Боргесті жеңді.
91 келідегі Василий Левит екі дүркін Әлем чемпионы және Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері италиялық Клементе Руссоны айқын жеңді. Сөйтіп, қазақстандық боксшы 5 алтын медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді.
Боксшыларды «Belgrade Winner» турнирінде Ұлттық құрама бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен Ұлттық құрама бапкері Марат Елесуінов бастап барған.
Еске сала кетейік, наурыз айында Данияр Елеусінов пен Василий Левит Финляндиядағы «Gee Bee» турнирінде жеңіске жеткен еді.