Олжас Сүлейменовке Ататүрік атындағы университеттің Құрметті докторы атағы берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олжас Сүлейменовке Ататүрік атындағы университеттің Құрметті докторы атағы берілді

07.04.2016
Олжас Сүлейменовке Ататүрік атындағы университеттің Құрметті докторы атағы берілді

«Бұл атақ оған мәдениетаралық диалогты дамытуға, халықтар достығын нығайтуға сіңірген еңбектері және түркология саласындағы көпжылғы жемісті зерттеулері үшін берілді», - делінген ҚР-ның Түркиядағы елшілігінің хабарламасында.

Салтанатты рәсім ақынның, дипломаттың және ғалымның алдағы жақындап келе жатқан 80 жасқа толуы мерейтойына орайластырылды. Оған Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев, ТҮРІКСОЙ халықаралық түркі әлемі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Эрзурум губернаторы Ахмет Алтыпармақ, сондай-ақ, Түркияның қоғам және мәдениет қайраткерлері, журналистер, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Ататүрік атындағы университеттің ректоры Х.Кочак  өз сөзінде ақын О.Сүлейменовтің түркі әлемінің мәдениеті мен өнеріне, ғылымы мен әдебиетіне  қосқан үлесі, сондай-ақ оның түркі кеңістігінде бірлік пен ынтымақтастықты нығайту және сақтау жөніндегі қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Университет кеңесінің шешімімен О.Сүлейменовке түркі мәдениетіне, сондай-ақ өткеннің ортақ рухани құндылықтарын түлетуге, түркі әлемінің  көшпелі заманнан ежелгі мәдениетіне дейінгі түркі тарихын зерделеуге қосқан орасан үлесі үшін Құрметті доктор дипломын тапсыру туралы шешім қабылданды», - деді Х.Кочак.

Эрзурум қаласының губернаторы А.Алтыпармақ провинция тұрғындары атынан өз құттықтауын жеткізді: «Бір замандарда орыстың ұлы ақыны А.Пушкин Эрзурумға келіп, «Арзрумға саяхат» деген кітабын жазған болатын. Бүгін түркі дүниесінің мақтанышысы ақын О.Сүлйеменов те біздің қаламызда болып, бізді жаңа леппен қанаттандырды».

ТҮРІКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов университеттің қазақ жазушысына құрметі - бүкіл Қазақстанға құрметінің көрінісі деп атап көрсетіп, ТҮРКІСОЙ атынан өзінің зор ризашылығын білдірді.

Елші Ж.Түймебаев О.Сүлейменовтің Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін нығайтуға қосқан зор үлесі туралы айта келіп, ақынның дипломатиялық қызмет саласындағы жемісті жүмысын атап өтті, Қазақстан атынан Эрзурум қаласы әкімшілігі мен университетіне үлкен ризашылығын жеткізді.

О.Сүлейменов салтанат аясында түрік халқына алғысын айтты және түркі халықтарының бірлігі мен ынтымақтастығын сақтауға шақырды.

Атап өтейік, Ататүрік атындағы университет, Түркиядағы ірі оқу орындарының бірі, онда 23 факультетте 25 мың студент білім алады. 


ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу