30 наурызда, сағат 18:00-де елорда маңындағы Қараөткел ауылының Мәдениет сарайында әншінің кеші өтеді.
«Биыл - ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Қазақ үшін үлкен той. Бұл кешті мерекелік шашу ретінде Перизат Тұраровамен бірлесіп ұсынып отырмыз», дейді әнші.
«Қазақтың ұлттық классикалық әндері ойлы, терең мағыналы болып келеді. Кеште терме, өсиет әндер, Сегіз сері, Біржан бабаларымыздың ғашықтық толғаулары орындалады. Сондай-ақ, бүгінгі күннің композиторларының әндері шырқалады».
«Жастардың дәстүрлі әнге деген көзқарасы қалай?» деген сауалға өнер иесі: «Эстрадада ән деп айтуға ауыз бармайтын сыңсулар қаптап кетті. Бұл жастардың талғамын бұзып жатыр. Ұлттық арна, Қазақ, «Шалқар» радиосы ғана тыңдармандарына елеп-екшеп ұсынады. Бірақ, бұл аздық етеді. Ұлттық өнерге қатысты хабарларды көптеп ашу керек», деген пікірін білдірді.
Бағдарлама барысында әншінің орындауында Мұқағали Мақатевтың сөзіне жазылған Тұрсынғазы Рахимовтың «Жаратушы Аллам» атты әнін тыңдай аласыздар.