Астана аудандарының әкімдері жол төсемінің жағдайы туралы толық фото-есеп ұсынды. Автомобиль жолдары басқармасына бір айдың ішінде жолдарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын барынша жүргізу тапсырылды. Аталған мәселе қалалық қызметтердің назарында болуы тиістігі аталып өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтың айтуынша, күннің жылынуына орай қала тұрғындары мен қонақтары саябақтарға, гүлбақтарға және Есілдің жағалауына жиі баратын болады. Сондықтан бұл жерлерді абаттандыруды қолға алу керек. Аудан әкімдіктері мен профильді қалалық қызметтер бір аптаның ішінде саябақтар мен аумақтарда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі керек.
«Бұл ретте бизнес өкілдері өз объектілерінің сырт көрінісіне мұқият болып, қаланы абаттандыруға белсенді қатысуы тиіс. Сонымен қатар, алдағы уақытта ұйымдастырылатын абаттандыру айлығы аясында теміржол маңындағы аумақтарда санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу қажет»,-деді шаһар басшысы.
Қала басшысы көшеде сауда жасау үшін 1000 орын бөлуге де ерекше назар аударды. Ә. Жақсыбеков бұл процестің кәсіпкерлер үшін ең аз бюрократиялық продуралармен және барынша айқын өткізілуі тиіс екендігін атап өтті. Бұл ретте ұйымдастырылған көше саудасының артықшылықтары биылғы жазда қала тұрғындары мен ШОБ өкілдері үшін сезілуі керек.