Шара салтанатты түрде өтіп, оған «ҚТЖ» ұлттық компаниясы, қазақстандық өндірушілер, қытайдың «Айцзюй» компаниясы, Алматыдағы Қытай Халық Республикасы консулдығының өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының өкілдері.
Майдың алғашқы партиясын тасымалдау Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы мен сауда-саттық қарым-қатынасты жақсартып, екі мемлекет арасындағы контейнерлік тасымалдардың санын арттыру мақсатында жүзеге асып отыр.
KTZ Express ұлттық мультимодальдық операторы бұл жобаны China Railway International Multimodal Transport Co Ltd (CRIMT) компаниясымен бірлесе жүзеге асырып отыр. ҚХР бас консулының орынбасары Мяо Хунбо аталмыш жоба екі мемлекет арасындағы байланыстың, «Бір белбеу - бір жол» жобасы мен Ұлы Жібек жолы идеясының нәтижесін көрсетіп отырғандығын атап өтті.
Бүгінде Қытай Қазақстанда жалпы сомасы 24 млрд долларды құрайтын 52 жобаны жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – Айдзю компаниясының өсімдік майын тасымалдау жобасы. Қазақстандық өнім халық саны 35 млн. адамға жететін Шаньси провинциясына жеткізіледі.
«Бұл жобаға ерекше ден қоюымыздың бір себебі – Шаньси Жібек жолының ең басында орналасқан. Демек, Қазақстан мен Шаньси арасындағы серіктестіктің болашағы мол», деді ол.