Кондитер, ресторатор, аспазшы, шаштараз, дизайнер, дәнекерлеуші және басқа да мамандық бойынша білім алып жүрген студенттер, сондай-ақ, кәсіпорындардың жас мамандары өзара сайысқа түсіп, халықаралық аренада өз қаласының намысын қорғау мүмкіндігі үшін тартысқа түсуде, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Бұл конкурсты екінші рет өткізіп отырмыз. Ол әлемнің 70-тен астам мемлекетінде ұйымдастырылады. Бүгінде сендер де осы халықаралық қозғалыстың өкілісіңдер. Шараның мақсаты – жұмысшы мамандықтың маңыздылығын көрсету. WorldSkills – ақпарат, тәжірибе және жаңалықтармен алмасудың тиімді алаңы. Жұмыс берушілер үшін бұл өз саласындағы болашақ мамандармен танысу мүмкіндігі. Ал, оқытушы-тәлімгерлер үшін оқыту тәжірибесімен алмасуға болатын өте жақсы алаң. Студенттер болашақ кәсіпқойлар ретінде өз жетістіктерін көрсете алады»,-дейді әділқазылар алқасының мүшесі «Кәсіпқор» холдингінің басқарма төрайымының м.а. Айжан Ахметова байқауға қатысушыларға жолдаған тілегінде.
Айта кетейік, үздік студенттердің есімдері ертең белгілі болады. Олар 1-5 мамыр аралығында өтетін республикалық конкурсқа қатысады. Ұлттық іріктеуден өткен жеңімпаздар Минск пен Мәскеу қалаларында өтетін WorldSkills байқауына жолдама алады. Онда топ жарғандар 2017 жылы Әбу-Дабиде өтетін халықаралық чемпионатта бақтарын сынайды.