8 наурызда «Астана Опера» театрында арулар мерекесіне арналған концерт өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

8 наурызда «Астана Опера» театрында арулар мерекесіне арналған концерт өтеді

04.03.2016
8 наурызда «Астана Опера» театрында арулар мерекесіне арналған концерт өтеді

Симфониялық оркестрдің шебер музыканттары, ерекше хор құрамы, балалар студиясының жас әртістері, опера және балет өнерінің үздік шеберлері аруларға деген махаббат сезімін елордалық сахнадан білдірмек, деп хабарлайды еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.  

Концертте атақты тенор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Бекмұхамбетов, театрдың опера жұлдызы, Арменияның халық әртісі Барсег Туманян, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Жәмилә Жарқымбаева, халықаралық байқаулардың лауреаттары: Салтанат Мұратбекова, Бейімбет Таңарықов, Болат Есімханов, Нарұл Тойкенов, Галина Чеплакова, Роза Нұркей, Әсем Сембина, Елена Ганжа, Қазбек Досмұхамбетов, Мәдина Исламова сияқты танымал азаматтар аруларға арнап өнер көрсететін болады.

Тыңдаушылардың назарына опера классикасының көрнекті шығармалары орындалады. Атап айтқанда онда Л.Делибтің «Лакме» операсынан Лакме мен Маликаның нәзік «Цветочный» дуэті, Ж. Бизенің «Кармен» операсынан қызу қанды тореадор Эскамильоның шумақтары, П. Чайковскийдің «Иоланта» операсынан Робертоның ариясы, Р. Штраустың «Серенада», С. Гастольдонидің «Тыйым салынған әуен», Естайдың «Құсни-Қорлан», көпшілік сүйіп тыңдайтын халық әндері - «Ақбақай», «Вдоль по Питерской» және басқалары орындалады.

«Осы бір тамаша мерекелік кеште жан тебірентерлік өнер туындыларын орындаумен қатар, музыкалық тұсаукесер шараларын өткіземіз. Көптеген шығармалар жаңаша орындалады. Сонымен қатар, көрермендер оперетта музыкасын да тамашалайтын болады. Жалпы, біз классикалық академиялық концерт үлгісінен сәл алшақтаймыз – бұл жан-дүние, көңіл-күйді баурап алатын, өте әдемі көрініс, музыкалық феерия болмақ»,- деп атап өтті Наталья Кагадий.

Хабарламаларға жазылу