Мағира Қожахметованың туындылары – әдебиет майданында да, замана көшiнде де асығыстыққа бой алдырмайтын, түгендеушiсi осындай болатынын дәлелдеп тұрған шығармалар. Аңғалдық пен қорқақтық табиғатына жат қаламгердiң кейiпкерлерi өр мiнездi, шетiнен күрескер.
Мағира Қожахметова - 1946 жылы 5 ақпанда Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Қошқарбай ауылында дүниеге келді.
Көкшетау кітапхана техникумын бітіреді. Мектепте, кітапханада жұмыс істейді. 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде 1981 жылға дейін қызмет істеген.
1981-1992 жылдары «Қазақстан әйелдері» журналында, 1992-1994 жылдары «Денсаулық» журналында, 1994-1996 жылдары «Ай», 1996 жылдан «Ақ желкен» журналында қызмет еткен. 2002 жылдан бастап балаларға арналған «Балбүлақ» журналын, 2005 жылдан бері көпшілікке арналған медициналық, танымдық «Дертке дауа» газетін шығарып келеді.
«Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам құпия», «Жантәсілім», «Жападан жалғыз» кітаптарының, көптеген танымдық материалдардың, шығармашылық портреттердің авторы. 2006 жылы шыққан Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мәриям Хакімжанованың ІІІ томдық шығармалар жинағын құрастырған.
1982 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Тералқасының Құрмет грамотасымен, 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2008).