2016 жылға арналған нақтыланған бюджет жобасында білім және ғылым саласындағы шығыстарға нақтыланған жоспардан 55,1 млрд теңгеге арттырумен 454,4 млрд теңге қарастырылған, деп мәлімдеді 2016 жылға арналған республикалық бюджетке өзгерістерді таныстыру барысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
«Білім және ғылым саласына бюджет шығыстары 55,1 млрд теңгеге ұлғайтылып, 454,4 млрд теңге сомасында қаражат көзделеді. Соның ішінде 27,9 млрд теңге Ұлттық қордан берілетін мақсатты трансферт есебінен оқудың үш ауысымдылығын және апаттылықты жою үшін жұмсалады. Осыған орай, биыл елімізде 42 жаңа мектеп салуға бюджеттен қосымша шығыстар көзделеді. Осылайша, жаңа мектептер саны 76-ға жетеді. Жалпы, нақтыланған бюджет жобасында келесі 2017 жылы апатты мектептер мен үш ауысымдылықты жоюға қатысты 76 мектептің құрылысын аяқтауға 45,2 млрд теңге көзделеді», - деді Б.Сұлтанов.
Ведомство басшысының мәліметінше, 18,9 млрд теңге Білім және ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталады.
«Оның ішінде 14,8 млрд теңге бағдарламалық-мақсатты және гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталады; 8,5 млрд теңге «Болашақ» бағдарламасы бойынша бағамдық айырмашылықты төлеуге және шетелдік, оның ішінде Назарбаев университетіндегі оқытушылар мен ғалымдардың еңбекақыларын төлеуге жұмсалады», - деп толықтырды ол.