Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз мәліметтері бойынша, тұсаукесер рәсімін облыстық мәслихат хатшысы Ермек Келемсейіт жүргізген. Е.Келемсейіт облыста кітап шығаруға қаржылай қолдау көрсету 2006 жылдан бері үзбей жалғасып келе жатқанын, сол уақыттан бері бұл мақсатқа облыс бюджетінен 297 млн. 337 мың теңге бөлініп, 240 мыңға жуық кітап шығарылғанын атап өтті.
Биылғы жылы Мәскеу қаласындағы баспалардың бірінен Жамбыл Жабаевтың кітабын 1000 данамен шығаруға қомақты қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, Олжас Сүлейменовтің «Код слова», Әбіш Кекілбаевтың «Конец легенды», Смағұл Елубайдың «Одинокая юрта» кітаптарын ағылшын тіліне аударуға 12 млн. теңге бөлінді.
Өз сөзінде жазушы Роллан Сейсенбаев «Менің 100 кітабым» атты сериямен кітаптар басуға шетелде оқитын қазақ жастары себепкер болғанын айтты. Бір кездесуде қазақ жастары қаламгерге қазақтың тарихын, әдебиетін, философиясын ықшамдалған, заманауи үлгіде оқығылары келетінін айтқан.
Осы әңгімеден кейін аталмыш сериямен кітап шығаруды қолға алған жазушы жуырда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Книга раздумий», Жүсіп Баласағұнның «Ақыл кітабы», Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» кітаптарын және Дешті Қыпшақ жырларын басып шығарған.
Жүсіп Баласағұн, әл-Фараби сияқты ғұламаларымыздың еңбектерін бүгінгі білім-ғылыммен ұштастыру қажеттігін де атап өтті. Және осындай игі істерге қолдау көрсетіп жүрген облыс басшылығына ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, осы басқосуда «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы тілшісі, қаламгер Әділхан Сахариевтің «Синдром Кентавра» атты кітабының да тұсауы кесілді. Бұл – жас жазушының тұңғыш кітабы.
Жаңадан жарық көрген осы жинақтар облыстағы бірқатар кітапханаларға сыйға тартылды.