Қазақтың гобеленші қызы – Бәтима Зәуірбекова - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың гобеленші қызы – Бәтима Зәуірбекова

14.02.2016
Қазақтың гобеленші қызы – Бәтима Зәуірбекова

Қазақ гобелен өнерінің негізін қалаған марқұм суретші Құрасбек Тыныбеков­ болса, қазақ қыздарының ішінен осы салаға тұңғыш сара жол салған – Бәтима Зәуірбекова.

Бәтима Зәуірбекованың сырлы сезімге толы кез келген еңбегін жай қарау мүмкін емес. Оның қай туындысына зер салсаңыз, қазақ даласының кеңдігін, шынайы сұлулықты сезінуге болады.

Жастайынан ұлағатты ұс­тазы Құрас­бек Тыныбековтен тәлім алған ол бұл саланы тез меңгеріп, хас шебер атанды. Төл туын­ды­ла­ры­ның негізгі арқауы – табиғилық, шынайы­лық және тазалық. Барлық бұйым­дарында осы үш таған әдемі үйлесіп, керемет көрініс тауып жатады.

Қазақтың гобеленші қызының «Келбетін» бүгін 13:30-да Ұлттық арнадан көріңіз.

Біздің анықтама:

Бәтима Есмұратқызы Зәуірбекова – 1946 жылы 29 тамызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Фурманов ауылында дүниеге келген. Суретші, гобеленші, сәндік-қолданбалы өнер иесі. Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі.

Алматы көркемсурет училищесін, Абай атындағы мемлекеттік университетін бітірген. «Астық жинау», «Мелодия» сияқты алғашқы туындылары өткен ғасырдың 70-жылдары Мәскеудегі көрмеде көрсетіліп, жоғары бағаға ие болды.

Бәтима Зәуірбекованың  «Әйгерім», «Құнарлылық»,  «Дала мадоннасы», «Көктем», «Жер-ана», «Кешкі Алматы», «Қазақстан кемпірқосағы», «Астық мерекесі», «Береке», «Жас Абай», «Бақыт құстары», «Күй», «Сазгер» сияқты аса ірі, кең ауқымды шығармалары арқылы жоғары бағаланып, сыйлықтар мен лауреаттық атақтарды иеленіп келеді.

Оның суреткерлік өнері, тамаша туындылары жайлы шығарылған альбом-кітапта (авт. Ш.Тоқтабаева), Түркияда шығарылған каталогта (1999), «Мелодия» атты деректі фильмде кеңінен сөз болған.

Зәуірбекова қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін өзі таңдаған сара өнер гобелен арқылы кеңінен танытып келе жатқан жаңашыл суреткер, шеберлік пен шынайы талант иесі. Оның жұмыстары АҚШ-та, Канадада, Ресейде, Түркияда, Францияда, Швейцарияда, Қазақстанда және басқа елдерде мұражайлар мен жеке коллекцияларда сақтаулы.

Көптеген елдерде жеке көрмелері табысты өтті. Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. 
 

Хабарламаларға жазылу