103 жыл бұрын (1914-1986) әнші, Қазақстанның Халық әртісі Рәбиға ЕСІМЖАНОВА дүниеге келді. Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. Өнер жолын Семей облыстық музыка драма театрынан бастады. Қарағанды, Алматы театрлары труппасында қызмет етіп, Еңлік (М.Әуезов «Еңлік - Кебек»), Жібек (Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсы), т.б. сахналық бейнелер жасады. 1946-1960 жылдары Қазақ радиосының, 1960 жылдан «Қазақконцерттің» әншісі болды. Ол негізінен, қазақтың халық әндерін («Әупілдек», «Гауһартас», «Әпиток», «Ләйлім», «Жалғыз арша», «Құдаша», т.б.), халық композиторларының, сондай-ақ, С.Кәрімбаев, Ш.Қалдаяқовтың әндерін орындап насихаттады. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
82 жыл бұрын (1935-2011) ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, республикалық «Тарлан», Халықаралық «Азияс» сыйлықтарының иегері Қадыр Ғинаятұлы МЫРЗА ӘЛІ дүниеге келді.
73 жыл бұрын (1944-1993) жазушы Жақсылық ТҮМЕНБАЕВ дүниеге келді. Қызылорда облысының Арал ауданында туған. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1968-1975 жылдары Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің қызметкері болған. 1975 жылдан Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы ақпарат агенттігінде бас редактордың орынбасары, республикалық «Денсаулық» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Алғашқы шығармалары 1968 жылдан республикалық, облыстық баспасөзде, «Жалын» альманахында жариялана бастады. Оның «Қардағы іздер», «Қимас қазына», «Мен сүйген қыз», «Тас бөгет», «Махаббат қорығы», «Ақырғы демім біткенше» атты повестері мен әңгімелері жарық көрген. Көркем аударма саласында А.Лихановтың «Шырғалаң» романын, басқа да авторлардың повесть, әңгімелерін тәржімалаған. Туған жерінде мектепке, көшеге Түменбаевтың есімі берілген.
68 жыл бұрын (1948) ҚР Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты Ержұман Өтешұлы СМАЙЫЛ дүниеге келді. Алматы облысында туған. Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі болып бастаған. 1979-1987 жылдары - «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті редактордың орынбасары. 1987-2003 жылдары - «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бас редакторының бірінші орынбасары, бас редакторы. 2003-2010 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті, вице-президенті қызметін атқарған.
68 жыл бұрын (1948) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Қаппарұлы ӘЛИЕВ дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген. Алматы көркемсурет училищесінде, республикалық көркемсурет колледжінде ұстаздық еткен. Суретші туындыларында адам, оның өмірі мен тағдыры, тіршілік-тынысы басты тақырып болды. Осы тақырыпта салынған әр алуан мазмұнға құрылған картиналары қатарында «Отырардың күйреуі», «Қысқы кеш», «Ана мен бала», «Отандастар», «Достар», т.б. туындыларын атауға болады.