«Астана Опера» театрында атақты «Париж құдай анасының соборы» сахналанады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» театрында атақты «Париж құдай анасының соборы» сахналанады

02.02.2016
«Астана Опера» театрында атақты «Париж құдай анасының соборы» сахналанады

Аса көрнекті франциялық балетмейстер Ролан Петидің қойылымындағы XX ғасырдың әлемдік хореографиясының жауһары - М. Жаррдың «Париж құдай анасының соборы» «Астана Опера» театрының заманауи спектакльдерінің қатарын толықтырады. Тұсаукесер 2016 жылдың 24, 25 маусымында өтеді.

Аты әлемге әйгілі биші және хореограф Р. Петидің атақты балеті 1965 жылы Париж ұлттық операсы директорының тапсырысымен шығарылған. Либреттоға классикалық француз әдебиетінің ұлы шығармаларының бірі – аса көрнекті жазушы Виктор Гюгоның танымал «Париж құдай анасының соборы» романы негіз болды.

«Астана Опера» театрында Р. Петидің қойылымын оның ассистенті Луиджи Бонино сахналайды. «Оскар» сыйлығының бірнеше мәрте иегері М. Жаррдың музыкасын Арман Оразғалиев жетекшілік еткен «Астана Опера» симфониялық оркестрі орындайды.

Қойылым жұмыстары сәуірде басталса, балеттің техникалық жағы қазірден талқылануда. Жуырда астаналық театрға спектакльдің декорацияларын жаңғыртып, жарық партитурасын жасайтын «Les Ballets Roland Petit» қорының техникалық директоры Жан-Мишель Дезире келіп кетті.

«Париж құдай анасының соборы» балетінің декорациялары «Астана Опера» театрының Үлкен залының сахнасына шақталып әзірленеді.

«Ролан Петидің қойылымдары керемет, оларды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Уақыт өткен сайын біз оның қандай кемеңгер болғанын түсінеміз. Р. Петидің би тілінің айқындығы соншалықты, оның спектакльдері қосымша айтып жатуды қажет етпейді. Ал жарыққа келсек, 50 жыл ішінде жарық технологиясы қарыштап дамыды, сондықтан біз жаңа, озық техниканы қолданамыз», - деді Жан-Мишель Дезире.

Франциялық кутюрье, сән үйінің негізін қалаушы Ив Сен Лоран әзірлеген костюмдерді астаналық театрда болған Париж Ұлттық операсының костюмдер шеберханасының меңгерушісі Филипп Бино қалпына келтіреді. Қазақстанға алғаш жол тартқан ол төлтума костюмдердің нобайы мен үлгілерін ала келген. Орта ғасырдағы сәнге сай стильдің элементтері қосылған жарқыраған, қазіргі заман костюмдеріне маталар Франциядан әкелінеді. Костюмдерді түгелдей «Астана Опера» шеберлері тігеді, олар жұмысқа әлдеқашан кірісіп кеткен.

Хабарламаларға жазылу