Ол әскер басының отбасында туған. Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдад шаһарларында білім алған.
Әбу Насыр әл-Фараби - түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің 2- ұстазы» атанған ғұлама. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің гүлденген кезіне дәл келді. Әбу Насыр әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейген. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген.
Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 164 трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады (Аристотельдің «Метафизика», «Категория», «Бірінші және екінші аналитика» сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған). Арабтың атақты ғалым-географы ибн-Хаукалдың «Китаб масалик уә мамалик» атты еңбегінде және 13 ғасырда өмір сүрген ибн-Халликан өзінің «Уфиат әл-аиан фи әл-заман» атты еңбегінде Әбу Наср әл-Фарабидің арғы аталарының аттарын (Тархан, Ұзлағ) таза түркі тілінде келтірген.
Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын ХХ ғасырдың 60-жылдары танымал ғалымдар Ақжан әл-Машани мен Қ.Сәтбаевтар зерттеген. 20-дан астам трактаттары қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оның еңбектерін зерттеу, қазақшаға аудару, насихаттау орталығы құрылды.
1975 жылы Алматы, Мәскеу және Бағдадта Әбу Насрдің 1105-жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтті.
Оның есімі Шымкент педагогикалық институтына, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне және бір даңғылға берілген.