Павлодар облысында қатты жел бірқатар нысанның шатырын ұшырып әкеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында қатты жел бірқатар нысанның шатырын ұшырып әкеткен

30.12.2015
Павлодар облысында қатты жел бірқатар нысанның шатырын ұшырып әкеткен

Павлодар облысында қатты желдің салдарынан бірқатар нысанның шатыры ұшып кетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы агенттікке облыстық ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Марал Сағынова хабарлады.

«Май ауданы Саты ауылында қос қабатты мәдениет үйінің 665,7 шаршы метр шатырын жел ұшырған. Сондай-ақ, Ақсу қаласы Қалқаман ауылдық аймағының Ақжол ауылында орта мектептің 370 шаршы метр шатырын жұлып әкеткен. Аталмыш білім беру мекемесі 1980 жылы салынған және 2009 жылы төбеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Зардап шеккендер тіркелген жоқ», - дейді М. Сағынова.

Бұдан бөлек, Екібастұз қаласында №7 мектеп пен «Нарық» базарының, Баянауыл ауданының Ұзынбұлақ ауылдық аймағында қос қабатты мектептің шатыры табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмаған. Қазіргі таңда оқиға орнында келтірілген шығынды анықтау мақсатында арнайы комиссия жұмыс істеуде.
 

Хабарламаларға жазылу