Етікші-шебер Самғау Нәсіпхан аяқ киімдердің өкшесін сәл биіктеу тігеді. Себебі, ертеректе қазақы етіктің барлығының өкшесі болған. Ол ат үстінде үзеңгіге аяқ тіреп, еркін отыру үшін ыңғайлы.
«Біздің етіктердің ерекшелігі – табиғи таза материалдан жасауымызда, сапасына кепілдік беруімізде. Сондай-ақ, аяқтың түрлі ауруларының алдын алуға кепілдік бар»,-дейді шебер.
Саптама, сақтиян, құрым, қайқыбас, шоңқайма, тасұлтан деп аталатын аяқ киімдердің барлығы биік өкшелі етіктер.
Дегенмен, осы биік өкшенің адам денсаулығына әсері қандай?
«Мысалы, 80 келі болатын адам жалаң аяқ тұрғанда өкшеге – 40 келі салмақ, аяқтың басына – 40 келі салмақ түседі. Ал, ол өкшесі 2 сантиметр болатын аяқ киім кисе, онда салмақтың 35 келісі аяқтың алдыңғы бөлігіне, 45 келісі өкшеге түседі. Егер 10 сантиметр болатын биік өкше кисе, онда салмақтың 70 келісі алдыңғы бөлікке түседі де, 10 келі ғана өкшеге түседі. Осыдан кейін варикоз, тізенің артрозы сынды аяқтың түрлі аурулары басталады. Негізі ең дұрысы – 2-2,5 сантиметр болатын аяқ кимідер»,-дейді травматолог-ортопед Ерсін Нұрымханбетұлы.
Адамның салмағы табанға тең түсуі керек. Сонда ғана аяқ киімнен ауру туындамайды. Дегенмен, адам денсаулығына аяқ киім өкшесінің әсер етуі үшін кемі 8 жыл уақыт керек екен.
Мамандардың айтуынша, омыртқа сүйегінде ақауы бар жандар үшін биік өкшелі етіктің пайдасы зор. Бірақ, оның биіктігі 4 сантиметрден аспауы керек.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.