Біздің анықтама:
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Оңды ауылында дүниеге келген. Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы (1996-2002). ҚР Парламенті Сенатының депутаты (2002-2010).
Әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады.
Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» деген атпен 1962 жылы жарық көрген.
Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» - жазушының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, 1979 жылы «Тырау-тырау тырналар», 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-1993 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат», 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көпжылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің бестомдық жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығын, 1999 жылы «Отан» орденін, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алды.
2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды.
Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев туралы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы дайындаған «Қазақ әдебиетінің абызы еді...» арнайы хабарын мына сілтеме арқылы көре аласыз. http://kaztv.kaztrk.kz/kz/archive/programs/programs_social/telearna-usinadi/230841
13 желтоқсан күні сағат 08:30-да «Нұр-Астана» мешітінде жаназа намазы, 10:00-де «Көрме» орталығында марқұммен қоштасу, 11:30-да Қабанбай батыр кесенесінің жанындағы Ұлттық пантеонда жерлеу рәсімі, 13:00-де «Тұран» ресторанында ас беріледі.