Аса көрнекті театр режиссері, Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі педагог, өнертанушы Асқар Тоқпановтың туғанына бір ғасыр толды. Жуырда Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында режиссердің ескерткіші ашылды. Асқар Тоқпановтың өзі кезінде осы оқу орнының негізін қалаған болатын.
Асқар Тоқпановты еске алғанда, оның ерекше екі қасиеті дараланып шығады. Алғашқы қыры – аса дарындылығы болса, екіншісі – тура айтатын тік мінезі. Егер табиғатында осы бір қасиеттері болмаса, өнер шыңын бағындыратын тұлға болып қалыптаса алмас еді.
Сахна өнерін, режиссураны кәсіп емес, суреткерлік деп түсінген Асқар Тоқпанов шәкірттері арқылы соңына мол мұра қалдырды.
«Ол кісі өмірден тоқығанын үнемі әңгімелеп отыратын. Шешендігінде шек жоқ еді»,-деп еске алады ҚР Халық әртісі Бекен Имаханов.
Асқар Тоқпанов бала кезінен жетімдік көріп, байдың малын бағып, жоқшылықтың азабын тартты. Ішкі мұң-шерін қолындағы домбырасына қосып, шырқаған әнімен таратқан жеткіншектің алғашқы ұстаздары – Жамбыл мен Үмбетәлі жырау болды.
Он бес жасынан ақындардың дастандарын жаттап, ауыл адамдарының алдында өнер көрсетеді. 1932 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың тіл және әдебиет факультетіне түскен бозбала оқу орны жанындағы Жұмат Шанин басқаратын драма студиясына қатысады.
Асқар Тоқпановтың қабілетін байқаған режиссер оның 1933 жылы Мәскеудегі Луначарский атындағы театр өнері институтына түсуіне ықпал етеді. 1939 жылы оқуын тәмамдаған жас режиссер қазақ драма театрына тың ой-идеяларымен келді.
Толығырақ – «Таңшолпанда».