Алмат Сақатов: «Керемет» театрының алғашқы концертін 8 наурызға қарай өткізу жоспарлануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алмат Сақатов: «Керемет» театрының алғашқы концертін 8 наурызға қарай өткізу жоспарлануда

20.11.2015
Алмат Сақатов: «Керемет» театрының алғашқы концертін 8 наурызға қарай өткізу жоспарлануда

«Керемет» театрының алғашқы концерті 8 наурызда өтпек. Бұл туралы «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасына  берген сұхбатында актер, «Керемет» театрының директоры  Алмат Сақатов айтты.

«Қазір кішігірім «Керемет» театрын құрып жатырмын. Кезінде «Бауыржан шоуды» құрған азаматтардың бірі – әкем Марат Сақатов театр құру туралы идея айтты. Сол кезде бес-алты жігіттен тұратын «Керемет» театрын құрып берді. Атын әкем қойды. Алайда «Бауыржан шоудың» дүркіреп тұрған кезінде театрға қайтып бардым. Әкем кезі келгенде ашарсың деген. Көрген, түйгенімізді өсіп келе жатқан ұрпаққа беру мақсатында осындай театр аштым. Алғашқы концертті көктемде, 8 наурызға қарай, ұйымдастыру жоспарда бар», - деді ол.

«Керемет» театрының ерекшелігі – әзіл мен музыканы ұштастыруында.

«Қазір сахнада пародия болғанымен, оны жалғыз адам жасайды. Біреуі қала әкіміне, енді бірі ақынға пародия жасайды. Мысалы, екеуі бірігіп, қойылым ұсынса болады. Пародия арқылы қойылым шығару керек.  Театрдағы жігіттерге кітапты көп оқуға кеңес беремін. Анайы сөздер қолданбауын талап етемін. Мәдениетті театр жасағым келеді», - деді Керемет» театрының жетекшісі Алмат Сақатов.

Сондай-ақ, ол заманауи , техникаға қатысты қойылымдар жасауды үйретіп жатқанын айтады.

«Қазір уақыт жылдам өтеді. Кешегі дүние бүгін ескіріп қалады. Бүгінгіні ертең ешкім көрмейді. Сол сияқты  әзілдер қысқа-нұсқа, тез айтылатын болуы керек. Бүгінде халық таңдап көреді. Бұрынғыдай 3-4 адам сахнаға шығып, бір тақырыпты 15 минут  айтатын заман емес. Өзгеріс болу керек», - дейді ол.

Бағдарламаның толық нұсқасын сайт мұрағатынан тамашалай аласыздар. 

Хабарламаларға жазылу