«Ертіс» футбол клубының ойыншылары үш ай бойы жалақы алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ертіс» футбол клубының ойыншылары үш ай бойы жалақы алмаған

11.11.2015
«Ертіс» футбол клубының ойыншылары үш ай бойы жалақы алмаған

Қазақстан біріншілігінде үздік алтылықтан орын алған «Ертістің» футболшылары үш ай бойы тегін ойнаған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы «Ертіс» ФК-ның директоры Игорь Елащук пен команданың бас бапкері Димитар Димитровпен өткен кездесу барысында белгілі болды.

«Біздің команда биылғы маусымды сәтсіз бастағанымен, чемпионат ортасында күшейіп, үздік алтылықтан орын алды. Әрине, бұл жерде Димитар Димитровтың еңбегі зор. Алайда, соңғы үш ай бойы футболшылардың жалақы алмауы турнир кестесіндегі жағдайымызға кері әсерін тигізді. 31-желтоқсанға дейін бұл мәселені шешуге тырысамын», - деді И. Елащук.

Ал жуырда «Ертіс» ФК-мен келісімшартын 2016 жылға дейін ұзартқан жаттықтырушы Димитар Димитровтың айтуыша, үш бірдей легионер осыған дейін мүлдем айлығын алмаған. «Менің шақыртуыммен Павлодарға келген Фернандер Кассай, Эвандро Ронкатто және Карлос Фонсека бүгінгі күнге дейін тегін ойнап келеді. Егер клуб басшылығы бұл ойыншыларды келер жылы «Ертісте» ойнағанын қаласа, нақты әрекеттер жасау керек», - деп атап өтті Д. Димитров. Сондай-ақ, кездесу барысында жергілікті клубтың бұрынғы ойыншылары Изу Азука мен Алан Гатагов жалақыларының бір бөлігін «Ертістен» алып тұратыны белгілі болды.
 

Хабарламаларға жазылу