Астанада «Шабыт» ХVІІІ Халықаралық жастар шығармашылығы фестивалі өтуде. Биылғы фестиваль бес аталымды құрайды. Олар: «Классикалық музыка», «Бейнелеу өнері», «Халық музыкасы», «Цирк өнері», «Спорттық сәнді би».
Осы сайысқа қазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылған әнші, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының меңгерушісі, доценті Рамазан Стамғазиев бүгін «Таңшолпанда» қонақта.
«Фестивальде халық музыкасы аталымы бойынша алғашқы жылдары жиырма шақты ғана үміткер қатысса, бүгінде домбырасын арқалап келген 50-ге жуық қатысушы бар. Негізі осындай конкурстар болмаса, соңымыздан ерген ұрпақтың қандай екенін білмей қаламыз. Байқауға келген жас өрендерге қарап, көңіліміз толып отыр. Өйткені, әрқайсысының арнайы музыкалық білімі бар».
Бүгінде дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып отырған әнші: «Әр оқу жылы басталған кезде бұл бағытқа деген қызығушылықтың барын байқауға болады. Себебі, үкіметтің бөлген бес орнына 25 бала келіп, бақ сынайды.
Дәстүрлі классикалық өнерге қызығушылық жоғары. Оның бір себебі, биыл әнмен бірге жетіген, қылқобыз, сыбызғы мамандығы бойынша класстар аштық. Консерваториямызда қаншама оқу орындары, «Шабыт» университетінде бірнеше мектеп бар. Сондай-ақ, айтыс саласы да дамып жатыр. Домбырасын, қылқобызын құшақтап жүрген жастарды көріп, болашақ барына сенесің»,-дейді.
Әншінің орындауындағы Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін «Таңшолпаннан» тыңдаңыз.