Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапары барысында Денисов ауданындағы «Жұма» мешітіне арнайы соқты. Жиылған жамағатпен кездесіп, мешіт ұжымына «Lada Granta» көлігін сыйға тартты.
Аталған мешіттің қазіргі ғимараты 1992 жылы мұражай болған. Ал 1995 жылы мешіт болып ашылып, жамағаттың игілігіне берілді. Сол уақыттан бері бұл жер мұсылман қауымның бас қосатын қасиетті орнына айналды.
«Тәуелсіздік алғанан кейін мешіт саны көбейіп, қазір екі жарым мыңға жетті. Асыл дініміздің қанат жаюы — Елбасының кемеңгер, сарабдал саясатының арқасы. Рухани тәрбиеге жастарды тарту керек. Соның ішінде, жастарға дұрыс ілім, тәлім-тәрбие беріп, ислам дінінің дұрыс бағытын, Ханафи мазхабын насихаттаған жөн. Бұл мешітке келетіндер ислам дінінің тазалығын түсінуі керек. Мұсылманның ешкімге қиянат жасамайтынын, бір-біріне қамқор болатынын білуі тиіс. Ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым бірлесе кірісетін сауапты іс осы»,- деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.