Керекуде сотталғандардың шығармашылығына арналған «Үміт-2015» атты байқау-көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Керекуде сотталғандардың шығармашылығына арналған «Үміт-2015» атты байқау-көрмесі өтті

02.11.2015
Керекуде сотталғандардың шығармашылығына арналған «Үміт-2015» атты байқау-көрмесі өтті

Павлодар қаласында түзету мекемелерінде жазаларын өтеп жатқан азаматтардың шығармашылығына арналған «Үміт-2015» атты байқау-көрмесінің ақтық мәресі өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері, әділет майоры Айгүл Сыздықованың айтуынша, көрме барысында үміткерлердің 140 туындысының 38 жұмысы іріктеліп, ақтық мәреге жолдама алды.

«Шығармашылық байқау бақытты болашақ, отбасы және табиғат сұлудығы тақырыптарын арқау етті. Суреттер реализм, сюрреализм және абстракционизм жанрларында орындалса, қолөнер бұйымдары гипс, ағаш, тас, қағаздан жасалған», - дейді А. Сыздықова.

Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен сотталушы Б. Хотиннің «Баянауыл» атты суреті үздік деп танылды. Екінші орынды дәл осындай шығармашылық жұмысты салған В.Сухомлинов, үшінші орынды «Беседка у реки» туындысының авторы Н.Алекперов пен «Астана» картинасының иесі Т. Тілеуберлин еншіледі.

Қолөнер бағытында орындалған жұмыстар арасында М.Мельников («Астана» макеті), А.Баяндин («Қобдиша»), А.Аликин («Ағаштан жасалған раушан»), К.Тажимов («Мешіт» макеті) және В. Яковлев («Домбыра») бірінші орынды өзара бөлісті. Екінші орын Н. Жүсіпбаев пен Р. Сүлейменовке бұйырды. Үшінші орынды И. Рамзаев еншіледі. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
 

Хабарламаларға жазылу