Халық ақыны Сүйінбай Аронұлының 4 күнге созылатын 200 жылдық мерейтойы бүгін Талдықорған қаласында «Сөздің пірі - Сүйінбай» атты халықаралық ақындар айтысымен басталды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев жиналған қауымды тойдың басталуымен құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі. Б.Өнербаев айтыстың ардагері Надежда Лушниковаға шапан жапса, ақын апа тойға жырдан шашу шашты. Айтысқа Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов сынды еліміздің саңлақтарымен қатар Қырғызстан, Моңғолия, Қытай Халық Республикасынан ақындар қатысты.
Жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сөз сайысына баға берді. Ақындар айтыс барысында елдік мақсат-мұраттарды, Сүйінбай ақынның мәңгілік мұрасын, елдің береке-бірлігін асқақтата жырлады.
Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлдеге жетісулық Жандарбек Бұлғақов ие болып, жеңіл автокөліктің кілтін алды. Ал, бірінші орын астаналық Сырым Әуезханға, екінші орын Айнұр Тұрсынбаеваға, қос үшінші орын Аягөз Серікқызы мен Қытай елінен келген Арзыгүл Қайымбекқызына беріліп, жүлдегерлер мен басқа да арнайы сыйлық иелеріне қаржылай сый-сияпат жасалды.