Бедеулікке негізгі әсер ететін - адамның өмір сүру салты. Бүгін «Таңшолпан» бағдарламасында қонақ болған дәрігер-репродуктолог Алмаз Құрманәліұлы осылай деді.
Оның айтуынша, бедеулік – стресс, депрессия сияқты көбейіп жатқан аурулардың бірі. Бұған экология, тамақтану, техника әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ, дәрігер-репродуктолог жасанды жолмен ұрықтандыру саласындағы жаңалықтармен бөлісті.
«Соңғы бес жылдың ішінде енгізілген басты жаңалық – аналық ұрықты және дайын эмбрионды мұздатып сақтаудың жаңа әдісінің пайда болуы. Бұрын эмбрионды сақтаған кезде тең жартысы зақымданатын. Қазір 100 пайыз сақтауға мүмкіншілік бар», - деді Алмаз Құрманәліұлы.
Оның айтуынша, табиғи жолмен ұрықтану мен технологияның түйісуі өте тиімді. Мұның ана ағзасына әсері де төмен болады.
«Бұрын адам ағзасына көптеген дәрілік заттарды енгізіп, өте көп аналық ұрық алатынбыз. Бұл келіншектердің ағзасына кері әсерін тигізетін. Бүгінгі таңда технологиялардың дамуына байланысты ас дозалы дәрілермен, өте аз аналық ұрықтың өзінен сапалы эмбрион іріктеп алып, жүктілікке қол жеткізудеміз», - деді дәрігер-репродуктолог Алмаз Құрманәліұлы.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.