Павлодар облысында «Бозшакөл» кен байыту комбинаты іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында «Бозшакөл» кен байыту комбинаты іске қосылады

01.10.2015
Павлодар облысында «Бозшакөл» кен байыту комбинаты іске қосылады

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС кен байыту кешенінің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Құрылысы 2010 жылы басталған өндіріс ошағы осы жылдың соңында іске қосылады деп күтілуде. Қазіргі таңда мұнда 2,5 мыңға жуық адам еңбек етуде. Ал, комбинат пайдалануға берілген соң жұмыскерлердің саны 1000 адамға азаяды. Жоба мыс кенін қазу және оны байытуға негізделген. Бұл игілікке 2,2 млрд доллар жұмсалады. Ірі жобаны жүзеге асыру ісіне ОАР, АҚШ, Австралия , Жаңа Зеландия және Латын Америкасы елдерінің 100-ге жуық білікті маманы атсалысуда.

Шетелдік менеджерлердің көбі бөлім басшылары мен аға инженерлер қызметін атқаруда. «KAZ Minerals» басқарма төрағасы Олег Новачуктың айтуынша, мысты қайта өңдеудің жобалық қуаттылығы жылына 30 миллион тонна өнімді құрайды. Ал, катодты эквиваленттегі концетраттағы мыстың өңдеу көлемі алдағы 10 жылдың ішінде 100 мың тоннаға жеткізілмек. Кәсіпорынды іске қосқан соң дайын өнім бірінші кезекте Қытайға және өзге де мемлекеттерге экспортталады.

Болашақта елімізде мыс балқыту зауыттарын салу жоспарда бар. Мамандардың айтуынша, осында қолданылатын инновациялық технологиялардан басқа әлеуметтік инфрақұрылым да дамуда. Жұмыскерлерге арналған клуб ашылған. Нысанның құрамында 3 шағын кинотеатр, бильярд залы, сондай-ақ, үстел теннисі, шахмат ойнауға және жаттығуға арналған бөлмелер бар.

Хабарламаларға жазылу