«Аралтұз» АҚ 90 жылдығын атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Аралтұз» АҚ 90 жылдығын атап өтті

25.09.2015
«Аралтұз» АҚ 90 жылдығын атап өтті

Мерекелік шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов қатысты.

Меймандар алдымен зауыт жұмысымен танысты. Ғасырға жуық тарихы бар «Аралтұз» - йодталған ас тұзын шығаратын республикадағы жалғыз кәсіпорын.

Мыңға жуық жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның өніміне елімізде ғана емес алыс-жақын шет мемлекеттерден де сұраныс жоғары. 

Келешегі кемел тұз өндірісін дамыту - индустриялық саясаттың басым бағыты. Бұл ретте Елбасы басты міндеттердің бірі ретінде қолда бар минералдық шикізаттық әлеуетті тиімді пайдалануды, өндіріске инновациялық технологияны енгізуді тапсырған.

Халықаралық стандартқа сай тірлік етіп, бәсекеге қабілеттілікті арттырған «Аралтұз» бүгінде күллі Қазақстандағы іргелі кәсіпорындардың бірі.  

Үдемелі индустриялық-инновациалық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорын өткен жылы  инвестиция көлемі екі миллиардтан астам теңгені құрайтын жаңа испан технологиясын өндіріске енгізді.

Сол арқылы еңбек өнімділігін 2 есеге ұлғайтты, яғни бұрын кәсіпорын айына 5-6 мың тонна тұз өндірсе, енді тұз көлемін айына 12-13 мың тоннаға дейін жеткізді.

Нәтижесінде тек Ресейге өнім шығарған кәсіпорын, сыртқы нарықты кеңейтіп ТМД мен Еуропа елдеріне өз өнімін шығара бастады.

Бұл өз кезегінде экспортқа шығарылған өнім көлемін үстіміздегі жылы 8 айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,6 есеге арттыруға ықпал етті. 

 

 

Хабарламаларға жазылу