Олардың қатарында: БҰҰДБ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесі, ЮНИСЕФ, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы, Бүкіләлемдік Банк, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамы (GIZ), Америка Құрама Штаттарының халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID), Орталық Азиядағы халықаралық түрме реформасы сияқты өзге де бірқатар ұйымдар бар.
Іс-шараға Жоғарғы соттың судьялары мен аппарат қызметкерлері де қатысты, деп хабарлайды Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Кездесуде Қазақстанда құқық үстемдігін қамтамасыз етудің қолданыстағы тәжірибесі мен бірлескен жобаларды іске асырудың барысына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Серіктестер алдында сөйлеген сөзінде Қайрат Мәми: «Соңғы он жыл көлемінде бірлескен күш-жігеріміздің арқасында көптеген іс-шаралар атқарылды. Сот төрелігінің ұлттық жүйесін жаңғырту жөнінде едәуір жұмысты жүзеге асырдық. Айталық, бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде Қазақстанда алқабилер соты, ювеналды сот төрелігі, медиация институттары, сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды қолдану жүйесі енгізілді.
Азаматтық және әкімшілік заңнама, қылмыстық сот төрелігі салаларында сындарлы жұмыс жүргізіліп келеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, адам саудасына қарсы ісқимыл, соттардың Орхус конвенциясын қолдануы салаларына қатысты бірқатар бірлескен жобалар іске асырылды. «Сот мониторингі жүйесін жетілдіру» жобасы бойынша жұмыс жалғасын табуда», - деп атап өтті.
Кездесу барысында Қайрат Мәми Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам – баршаға арналған заманауи мемлекет» Ұлт жоспары шеңберінде Қазақстанның сот жүйесін реформалау бағытында қолға алынып жатқан шаралар туралы Жоғарғы Соттың жоспарымен бөлісті.
Бұл – үш сатылы сот жүйесін қалыптастыру, Астана қаласында Халықаралық AIFC қаржы сотын құру, Жоғарғы Сотта инвестициялық істер бойынша мамандандырылған алқа және Халықаралық консультативтік кеңес құру, сондай-ақ судьяларды іріктеу жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелер.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстанның сот органдары мен халықаралық ұйымдардың бірлескен іс-қимылы құқық үстемдігін одан әрі ілгерілетуге, сондай-ақ аам құқығы мен бостандығын қорғауға игі ықпалын тигізетіндігіне сенім білдірді.