Қала басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғын үймен қамтамасыз ету мегаполисті дамытудың басты шарттарының бірі екендігін атап өтті, деп хабарлайды Аламты қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Қалада 15 мыңнан астам адам кезекте тұр, біз іріктеуді барынша жариялы етеміз және ақпарат интернетте жарияланады. Қазір әлемдегі және ел экономикасындағы жағдай күрделі, бірақ Елбасының сындарлы саясатының арқасында өткен жылы кезекте тұрған алматылықтардың небәрі 10 пайызы ғана пәтерге ие болса, биыл олардың саны екі есеге артты», - деді Б.Байбек.
Әкім тұрғын үй салумен бірге әлеуметтік инфрақұрылым - бала бақшаларды, ауруханалар мен дүкендерді, спорт алаңдарын салудың маңызды екендігін қадап тұрып айтты.
«Біз жеке бизнестің арзан үйлермен қатар, өз қаржыларымен бала бақшалар салуларына ықпал етеміз. Тіпті, бірігіп жұмыс істеп, серіктестік принципі бойынша сапалы мектептер, сапалы бала бақшалар салатын боламыз, балаларымыз сонда ғана терең әрі сапалы білім алады», - деп атап өтті әкім.
Өз кезегінде Қ. Бишімбаев «Нұрлы жол» бағдарламася аясында «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» маңызды екендігін айтты.
«Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы «КИК» АҚ-ы бүгінгі күні үлкен жұмыстар атқаруда. Қазақстан бойынша үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап әлеуметтік арендалы тұрғын үй бағдарламасы аясында 4 мың пәтер салынып, пайдалануға берілді, жыл аяғына дейін қосымша тағы да 3 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі», - деді «Бәйтерек» холдингінің басшысы.