Ұйымның мақсаты – халықаралық қылмыскерлермен күрес. 1923 жылдың 7 қыркүйегі Халықаралық қылмыстық полицияның – International criminal police organisation (ICPO) пайда болған күні. Ал, 1946 жылдан бастап ресми түрде ол Интерпол деп атала бастады. Оның алғашқы президенті – Иоганн Шобер.
1930-шы жылдары ICPО қарамағынан жалған ақша жасаумен күрес, халықаралық қылмыскерлер базасы сияқты арнайы бөлімдер пайда болды. 1935 жылдан бастап ұйым халықаралық радиохабар тарата бастады.
1938 жылдан бастап ұйымды австриялық Отто Штейнхаль басқарса, одан кейін оны неміс полициясында Гимлерден кейінгі екінші адам Рейнхард Гейдрих алмастырды. Ал, 1942 жылы басшылыққа Эрнст Кальтенбруннер келді. Басшылыққа фашистер келгеннен кейін көптеген мемлекет Интерполмен байланысты үзді.
1946 жылы Бельгия ұйымды жандандырумен айналыса бастады. Жаңа штаб-пәтер Парижге көшірілді. Атқарушы комитет пен жаңа президентті тағайындау үшін демократиялық сайлау өтті.
1997 жылы БҰҰ мен Интерпол ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойып, 2005 жылы «әл Қайда» мен «Талибан» туралы ортақ құжат қабылданады.
Бүгінде Интерпол – халықаралық үкіметаралық қылмыстық полиция ұйымы. Ол 1956 жылы қабылданған Жарғы бойынша жұмыс істейді. Оған 190 мемлекет мүше.
Ұйым мақсаты – оған мүше елдердің кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмысымен, есірткі контрабандасымен, жалған ақша жасаумен, бандитизм және терроризммен күрес бағытында құқық қорғау қызметінің жұмысын үйлестіру.
Сонымен қатар, Интерпол ұйыммен дипломатиялық байланысы жоқ елдер арасында да қылмысқа қарсы күресті жетілдіруге көмектеседі.
Интерпол конституциясында тәуелсіз мемлекеттердің саяси, әскери, діни және нәсілдік дауларына араласуға қатаң тыйым салынған.