Өткен аптада Қазақстан валюта дәлізін алып тастау арқылы теңге бағамын еркін жіберіп, жаңа қаржы-кредиттік саясатын жүзеге асыруға кіріскен болатын. Осыған орай, елордада негізгі азық-түлік өнімдері бағаларының қымбаттамауын қадағалайтын арнайы жедел штаб құрылды. Әкімнің сөзінше, тауарлар бағасына күнделікті мониторинг жүргізіп, бағаларды жөн-жосықсыз көтеретін кәсіпкерлердің спекуляциялық істерін алдын-алу керек.
«Мен бұған дейін республикамыздың өңірлерінің қатысуымен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізуді тапсырғанмын. Алғашқы нәтижелер де бар. Тамыздың 22 бастап бір ай көлемінде «Мега» сауда орталығының алдында Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтетін болады», - деді әкім.
Қала басшысының пікірінше, мұндай шаралар тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие, сондықтан, жәрмеңкелерге барлық өңірлерді тартып, тауар көлемін арттыру қажет. Елордадағы жәрмеңкеге әкелінетін тауарлар бағасы нарықтағы бағалардан әлдеқайда арзан болуы шарт.
«Қазіргі жағдайда мұндай шаралар өте қажет», - деп атап өтті әкім.