Қазақстандық Дана Зияшева Бразилиядағы МАC (Mostra Amazonas de Cinema) кинофестивалінде «Өмір қорғаушылары» («Защитники Жизни») фильмі үшін үздік режиссер атанды.
Картина Коста Рика мен Панама шекарасындағы тропикалық орманда өмір сүретін Нгобе тайпасының төл мәдениеті үшін күресі туралы баяндайды. Тайпаның матриархы Кармен ханымның алдында қиын таңдау тұрады. Яғни, дәстүрге сәйкес 12 жастағы немересін 70-тегі көрші бақсыға тұрмысқа беру немесе кішкентай қыз зорлық көріп, жүкті болғаннан кейін полицияға арыз жазу.
Фильмге дайындық бір жыл бойы жүрген. Дана тайпамен бірге өмір сүріп, көптеген қажетті материал жинақтаған. Түсірілім жұмыстарына төрт адам ғана қатысқан. Дананың бір өзі көлік жүргізіп, киім және макияжға, халық көп жиналатын кадрларға жауапты болған.
Туынды кейіпкерлері ағылшын және испан тілінде, сондай-ақ, Нгобе тайпасының ана тілінде сөйлейді. Айта кету керек, бұл тіл әлемдегі жойылып бара жатқан тілдердің қатарында.
Картина арт-хаус стилінде түсірілген. Оқиға желісі джунглимен қатар, Коста Рика астанасы Сан Хозе қаласында, Нгобе тайпасының дәстүрлі ойындары кезінде, сарқырама жанында және полицияда жалғасады.
«Мен құрып бара жатқан көркем мәдениетті және Нгобе тайпасымен бірге оларға алға қарай дамуға кедергі келтіріп отырған мәселелерді көрсеткім келді»,-дейді Дана Зияшева.
Фильмнің Коста Рикада өткен тұсаукесері кезінде көрермен Нгобенің көне мәдениетіне қатысты ақпаратқа қанықты. «Өмір қорғаушылары» туындысы Коста Рика билігі мен халықаралық ұйымдардың назарын Нгобедегі әйелдер мәселесіне аудартты.
Канада және Голландия елшілігі туындыға қаржылай көмек көрсеткен. Ал, фильмде басты рөлді сомдаған актерлер президент сарайына арнайы шақырылған.
Біздің анықтама:
Даңа Зияшева – 1972 жылы Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі. Дана Зияшева 20 жылдай БҰҰ-да Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша қызмет еткен.
Шығыс Азия және Орталық Америка елдерінде ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша аймақтық кеңесші, Иракта және Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде қызмет істеген. Ол бірнеше фильмдердің сценарий авторы. Соның бірі Қытайдың 15 Шанхай кинофестивалінде жүлделі болған. Бүгінде Дана Лос-Анджелесте тұрып жатыр.