Бүгінде Сарыағаш демалыс аймағын халықаралық деңгейге жеткізу мақсатында жаңа жоба әзірленуде. Жоба жүзеге асса, 600га аумақта демалып-сауығуға ыңғайлы, заманауи талапқа сай, 1500 орынды куроттық қалашық бой түзейді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Көгалдандыру мен бассейндер құрылысын бастауға облыс қазынасынан қаржы бөлініп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілмек. Сондай-ақ, аумақта инфрақұрылым тартылып, арнайы су жүйелері салынбақшы.
Енді Сарыағаштағы шипалы су әр санаторийге жеке-жеке тасымалданбай, орталықтандырылған жүйе арқылы таратылмақ. Сонымен қатар, емдік-сауықтыру орындары мен курорт аумағында балаларға арналған аттракциондар салу, сауда қатарларын шығыс стилінде қайта құру да қарастырылған.
Демалушылар үшін қолға алынатын жобаның алғашқы кезеңі биыл басталады.