Пырақтар

Пырақтар

Ұлылардың мекені, күреңіткен қасиетті топырақтың орманды жасыл желегінде Оғлан атты сақ баласы, күннің батар шағына елегізіп, қан қызыл шуаққа қызығып, еміне жүгіріп бара жатқан. Жүзінде қуаныш пен балалыққа тән шаттықтың нышаны бар. Жолда қолына бес қаруын сайлаған, үстіне кигені түгел аңның терісі, келбетінде ауыр салмақтың табы сезілетін аңшыны кездестіреді. Оғлан амандаспақ ниетте басын изеп өте береді. Аңшы болса жас баланың бұл қылығын менсінбегендей бір мырс етіп қала береді. Оғлан ешқайда кідірмей, жарлы жерден секіріп, тасты өлкеден қарғып биік таудың басынан бірақ шығады. Бұл шақта күн де ұясына еніп, айналасын қызыл шапаққа бөлеп жатқан. Оғлан ғажапқа толы көз тартар әсем көрініске сүйсіне қарап, таудың самал желіне төсін тосып, жейделерінің басқы түймелерін ағытып та қояды. Күн ұясына батып, аспаннан алғашқы жұлдыз жылт етіп жымыңдай қалады. Мұны көрген Оғланның кеудесін шаттық кернеп үйіне тұра жүгіреді. «Әжелеп» қосқа ентігіп кіреді. Ұйықтауға ыңғайланған әжесінің қойнына күмп етіп кіріп, ертегі айтып беруін өтінеді. Әжесі Оғланның маңдайынан бір иіскеп, ертегісін бастап кетеді. «Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде жер бетінде, аппақ қанатты жылқылар – пырақтар өмір сүріпті. Олар адамзат баласымен тату-тәтті ғұмыр кешіп, бір мекенді ортақтасып ғұмыр кешіпті. Пырақтардың ерек қасиеті - қанаттарынан түскен қауырсындар, бірден алтынға айналады екен. Заманнан заман өтіп, адамдардың санасы азып, бойындағы байлық пен дүниеге деген нәпсісі күшейген уақыт жетеді. Олар пырақтардың қанаттарын күшпен жұлып, қатыгездік таныта бастайды. Адамдарға деген өкпесі қара қазандай болған пырақтар жер бетінен жырақтап, ежелгі тұрақтары тоғыз қат бұлттың арғы бетіндегі, жеті қат көктің үстіндегі «Пырақтар мекеніне» біржола бірде біреуі қалмай тайлы-тұяғымен көшіп кетеді. Сосын...» деп әжесі ертегіні жалғасытра бергенде, бала Оғланның көзі ілінп, ұйықтап кетеді. Әжесі Оғланның маңдайынан ақырын сипап, ұйқыға кетеді.

Хабарламаларға жазылу